Елбасы Н.Назарбаевтың Ресейге сапары жалғасуда
05 Сәуір, 18:06
Кремльдегі кездесу
4 сәуірде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге сапары одан әрі жалғасты. Бұл күнгі негізгі оқиғалардың бірі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Кремльде кездесіп, келіссөз жүргізуі болды. Екеуара әңгіме айтарлықтай ұзаққа созылды. Мұны талқыланатын мәселелердің маңыздылығымен түсіндірген жөн.
Жеке кездесуден кейін келіссөз кеңейтілген тұрғыда жалғасты. Оның жұмысына қазақстандық делегация толық құрамда қатысты. Соңынан келіссөз барысында талқыланған мәселелерге қатысты құжаттарға қол қойылды. Алдымен Қазақстанның Қаржы министрі Н.Коржова мен Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары С.Иванов Қазақстан аумағында орналасқан №4 мемлекеттік орталық полигонды қолдану тәртібі жөніндегі 1995 жылдың 20 қаңтарындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға, Қазақстандағы Ембі полигонын қолдану шарттары мен жалдау ақысы жөніндегі 1995 жылдың 20 қаңтарындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттамаға, дәл осы мазмұндағы Сарышаған полигонын қолдану мен жалға алу келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттамаға және Қазақстан Республикасының аумағындағы №929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығын қолдану тәртібі туралы 1995 жылдың 20 қаңтарындағы келісімге толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойды.
Содан кейін Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы А.Жұмағалиев пен Ресей Федерациясының Ақпараттық технологиялар және байланыс министрі Л.Рейман қазақстандық ҚазСат спутнигіне ғарыштық позиция беру туралы келісімге қол қойды.
2006 жылға арналған екі ел сыртқы істер министрліктерінің арасындағы ынтымақтастық бойынша шаралар жоспарына Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев пен Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Г.Карасин қол қойды. Ең соңғы болып Еуразиялық өнеркәсіптік ассоциациясы мен Внешэкономбанк арасындағы келісімге ассоциацияның төрағасы А.Машкевич пен Внешэкономбанктің президенті В.Дмитриев қол қойды.
Бұдан кейін кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин журналистерге арнап шағын баспасөз мәслихатын өткізді.
Бүгін қай кездегідей де терең мазмұнды келісімдер жасалды, деп бастады сөзін В.Путин. Одан әрі ол Қазақстан Президентімен өмірдің барлық салалары бойынша, соның ішінде екі жақты сауда-экономикалық, мұнай-газ, мәдени байланыстар бойынша пікір алмасылғанын жеткізіп, Қазақстанмен арадағы қатынастардың барлық саласында тұрақты даму бар екенін айтты. Сонымен бірге халықаралық мәселелердің талқыланғанына тоқталды.
Н.Назарбаев өзінің Ресей Президентінің шақыруымен келгенін айта келіп, екі жақты ынтымақтастықтың тереңдеп келе жатқанына маңыз бере сөйледі. Мәселен, Солтүстік Каспийдің мұнай-газ қорын игеру бойынша түсіністікке қол жеткізілді. Ресейдің Біріккен энергетикалық жүйесі мен Екібастұз электр стансалары арасында бірлесіп жұмыс істеу және жерасты байлықтарын игеру келісімдері бар. Сауда-экономикалық байланыстарды, көптеген сарапшылардың айтуынша, бүгінгі 10 млрд. АҚШ долларынан бірнеше есе арттыруға мүмкіндік жеткілікті. Осыны жүзеге асыруға тырысу керек. Сондай-ақ гуманитарлық салада да екі ел халықтары бір-біріне жақындай түсіп келеді. Бұған мысал ретінде Елбасы Қазақстандағы Пушкин жылының, Ресейдегі Абай жылының жарияланғанын көлденең тартты.
Баспасөз мәслихатынан кейін президенттер журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ұлы Абай ұлы ел астанасында орнықты
2006 жылды Қазақстандағы Пушкин, Ресейдегі Абай жылы деп жариялау идеясын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еді. Адамзат ақыл-ойы алыптарының көрнекті өкілдері болған осынау тұлғалар есімін ту ету арқылы да көрші елдер арасындағы татулық, экономикалық ынтымақтастық, мәдени аралас-құраластық тереңдей түсетініне көзі жеткен Нұрсұлтан Әбішұлының бұл идеясы екі ел халықтарының арасында қызу қолдау тауып жүре берді.
Сахараның бір түкпіріндегі Жидебайда туып, әлемнің озық ойлы адамдарының біріне айналған Абайды таныту ғана емес, тану ісі де әлі еңбектенуді қажет ететіні анық. Осы орайда, өзгелерге таныту барысында өз ұрпағы да тереңірек тани түсіп, мұхиттай терең данышпандығынан нәр ала бермек.
Осыдан 11 жыл бұрын Абайдың 150 жылдығы тойланғанда Елбасы Н.Назарбаев Абай жылын өткізген жақсы, Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен ұлағат алар өсиеттері тек қана айта жүретін әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізде кірпіш болып қаланатын нақты іске айналса, тіптен құба-құп деген еді. Айтқан сөзін жерге тастамайтын Елбасы өзінің сол ойын жалғастыру жолдарын үнемі ойланып жүрсе керек, сондықтан жарқын идеясы Ресейдей ерен елдің ордасында жаңа асуға бет алды.
Адамзаттың озық ойлы асылдарының бірі Пушкиннің барлық нәрін қазақ баласы бойына әлі жеткілікті дәрежеде сіңіре алмай келе жатқаны жасырын емес. Абай аударған “Евгений Онегинінен” басқа шығармалары жаңа толқын жастардың арасына өзінің даналығымен толық жетпей жатқаны да рас. Оны да Абай сол замандағы қазақ оқырманының ұғымына лайықтап, ықшамдап берген. Қазіргі таңда ақынның 93 тілде 1750-ден астам аудармасы бар екен. Ал қазақ тіліне аударуға Абайдан басқа І.Жансүгіров, Қ.Шаңғытбаев секілді бірқатар ақындар барғанымен, ұлы мұхиттан қанып ішуге бұл, әрине, аздық етеді.
Міне, осындай олқылықтардың орнын Қазақстандағы Пушкин, Ресейдегі Абай жылдары толтырып жатса, бұл тек құп алатын дүние.
Сонымен, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путин “Чистопрудный бульвар” саябағында орнатылған Абай ескерткішін салтанатты жағдайда ашты. Мемлекет басшыларының ұлылыққа тағзым етіп, оның құдіретіне бас игенін айғақтайтын бұл кездесудің мәні аса зор болды.
Ескерткішті ашуда сөйлеген сөзінде В.Путин Абайды екі халық мәдениетінің жақындасуына қызмет еткен ұлы тұлға деп атады. Сонымен бірге, Қазақстан өнер шеберлерінің концертімен кешке Ресейдегі Абай жылының ашылатынын жариялады.
Н.Назарбаев Ресей Президентіне ұлы Абайға құрмет көрсетіліп, Мәскеудің төрінен орын берілгендігі үшін алғысын жеткізді. Абайдың данышпандық сөздері күні бүгін де көкейкестілігін жоймағанын айтты. Абай орыс халқының өнері мен білімін үйреніп, онымен дос болуға шақырды. Бүгінгі Ресей мен Қазақстан ежелден келе жатқан осынау достық, сыйластық дәстүрлерін жалғастырып, оны ілгері апаруға күш салады деп сенемін. Соның айғағындай, Абайдың Ресейдегі, Пушкиннің Қазақстандағы жылы жарияланып отыр.
Осылай деген Қазақстан басшысы Абайдың Пушкинді алғаш болып қазақшаға аударғанын, тіпті одан басқа да классиктерді орыс тілінен тәржімелегенін баян етті. Орыс халқын осыншама бағалап, оны басына көтерген, өз халқына онымен дос болуға, өнерін үйренуге шақырған адамның ескерткіші Мәскеуде ашылғаны тіптен де орынды көрінеді, деді сөзінің соңында Н.Назарбаев.
Жиналған халықтың ду қол шапалақтауымен екі Президент Абайдың ескерткішін ашты.
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің жариялаған бәйгесіне қатысып, жеңіп шыққан мүсінші М.Әйнеков пен дизайнер Т.Сүлейменовтің басшылығымен іске асқан ақын ескерткіші отырған кейіпте бейнеленген. Жалпы құны 161 миллион 800 мың теңге болған ескерткішті Ресей басшылығы Қазақстанның өздеріне тарту еткен сыйы деп бағалады.
Елбасы ежелгі оқу орнының құрметті профессоры
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кешегі жалғасқан сапарын алдымен Мәскеудегі атақты оқу орындарының бірі – Құрыш және қорытпалар мемлекеттік институтынан бастаған болатын. Онда ол аталған жоғары оқу орнының профессор-ұстаздар ұжымымен және студенттік құрамымен кездескен еді.
Институттың ауласында Нұрсұлтан Назарбаевты осында оқитын қазақстандық студент жастардың өкілдері алқызыл гүлдермен қарсы алды. Ал институт ректоры, профессор Юрий Карабасов мәртебелі мейманды ішке бастап жүрді. Алдымен ол Нұрсұлтан Әбішұлын оқу орнының мұражайын көруге шақырды.
Мұнда 1918 жылы іргесі қаланған байырғы оқу орнының өткен тарихынан сыр шертетін талай жәдігерлер сақталған екен. Солардың ішінде әр жылдары оқу орнын бітірген атақты түлектердің тізімі де ілулі тұр. Олардың арасында Д.Сүлеев, А.Найзабеков, т.б. қазақстандықтар да бар.
Осы жерде біз институтқа қазіргі кезде ұстаздық етіп жүрген техника ғылымдарының кандидаты ақтөбелік Асылбек Төлешовпен пікірлесіп қалдық. 1994 жылдан бері осында тұратын ол қазір докторлық еңбегін де дайындап үлгеріпті. Екі ұлы осындағы танымал жоғары оқу орындарында оқиды екен. Соның ішінде Мәскеу мектебін алтын медальмен бітірген үлкен ұлы Айбек биыл Бауман атындағы МЖТУ-ді аяқтайтын көрінеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты институт мұражайының ішінде оның ақылдастар алқасының төрағасы, бұрынғы қазақстандық Олег Сосковец пен КСРО-ның бұрынғы Қара металлургия министрі Иван Казанец қарсы алды. Қазақстан басшысы байырғы металлургтармен жылы амандасып, өзінің қызықты әсерлерімен бөлісті.
Осыдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы халық көп жиналып, өзін күтіп отырған институттың әсем безендірілген акт залына кірді. Мұнда оқу орнында оқитын оқытушылармен және студенттермен қатар, жақын маңдағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген және қызмет ететін қазақстандықтар да келген екен.
Орындарынан тұрып, ұзақ қол соғып қарсы алған жиналғандардың арасымен Н.Назарбаев пен Ю.Карабасов төрге өтті. Алдымен сөз алған Юрий Сергеевич Қазақстан Президентінің әлемдегі тұрақтылық пен тыныштыққа қосып келе жатқан еңбегін жоғары бағалады. Біз өз арамыздан шыққан Сіздей металлургті мақтан етеміз, деді ол. Ректор сөзінің соңында Қазақстан басшысына өзі басқаратын Мәскеу Құрыш және қорытпалар мемлекеттік институтының құрметті профессоры атағы берілгенін хабарлады. Президентке диплом, құрметті профессор белгісі, мантия және институт орденін тапсырды. Осыдан кейін сөз алған Қазақстан Президенті өзіне көрсетілген құрмет үшін институттың ғылыми кеңесі мен ректордың атына алғысын білдірді.
– Еңбек жолымды Қарағанды металлургия комбинатының құрыш балқытушысы болып бастаған мен үшін мұндай баға үлкен құрмет. Осындай кезде мен домнадан қып-қызыл болып ағатын балқыған болатты есіме аламын. Ол жолындағысының бәрін күйдіріп, қара күйе етіп кетуге дайын балқыма болатын, – деді Елбасы. – Бірақ ол өзінің дегеніне көндіре алатын адамның құдіретіне сөзсіз бағынатын. Осы тұрғыдан алғанда құрыш балқытушы мен саясаткер мамандығының арасында қатты ұқсастық бар. Саясаткер де өз жолындағы қиындықтарды жеңе отырып, жағдайды халықтың тұрмысын жақсарту жағына бұра біледі емес пе.
Одан әрі Президент аталған институттың білім беру ісіндегі жетістіктері мен алған асуларына тәнті екендігін жеткізді. Оқу орнының талай түлегі аса ірі тұлғаларға айналды. Олармен мен өмір жолында талай рет ұшырастым. Сонда олардың өздері білім алған ордаларын мақтан тұтатынына талай рет куә болдым. Осылай дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы институттың Қазақстан өндірістері үшін де жүздеген білікті мамандар дайындағанына алғысын білдірді.
Қазірдің өзінде институт қабырғасында 55 қазақстандық жас білім алуда. Күні ертең-ақ олардың да білікті маман болып, өз елдері үшін аянбай қызмет ететініне сенім мол. Президент келесі кезекте Қазақстандағы металлургия өндірісінің қазіргі жай-күйін, оның әлемдік сауда аренасында өзіндік алар елеулі орны бар екенін мәлімдеді. Елімізде металлургия кластерін дамыту Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына ену жөніндегі озық ниетін жүзеге асыруда зор маңызға ие. Ал Қазақстанның осы мұратына жету мүмкіндігі айтарлықтай.
Кездесуден соң шағын концерт қойылып, онда бұрынғы қазақстандық жезтаңдай әнші Татьяна Полтавская Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқасын” құйқылжыта орындады.
* * *
Ал кеше кешкісін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан елшілігінде Ресейдің бірқатар жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларын қабылдады. Дәл осы уақытта Мәскеудің Үлкен театрында Ресейдегі Абай жылының ашылуына арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концерті болып жатты.
Егемен Қазақстан
|