Қазақ Интернет газеті
Ru Ua En Kz

Бизнес ұсыныстары Баспасөз релиздері Baylanis Ресми құжаттар

Астана
Мұнай-газ жаңалықтары
Қазақстан жаңалықтары
Украина жаңалықтары
Moldova jangaliktari
Қазақстан 2030
Ecijakti katinastar tizimi'
Қазақстан:
Молдова:
Украина:
Jazilu
Izdeu

Fotogalereya

Қазақстан жаңалықтары

АЛТАЙДЫҢ АР ЖАҒЫН ЖАҚЫНДАТАТЫН САПАР
06 Тамыз, 09:55

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Моңғолияға екікүндік мемлекеттік сапары басталады. Бұл – еліміз басшысының тәуелсіздіктен бері Улан-Баторға жасаған үшінші сапары. Былтыр тамыз айында Астанаға келіп қайтқан Моңғолия президенті Намбарын Энхбаяр сол келісінде Елбасыны еліне шақыра кеткен болатын.

 

Содан беріде үкіметаралық комиссияның отырыстарымен қатар әртүрлі дәрежедегі кездесулер өтті. Моңғолия президенті Астананың 10 жылдығына шақыртылғанымен, ол еліндегі саяси жағдайдың құбылуына байланысты тойға қатыса алмады. Өйткені биыл маусым айының 29-ында өткен Моңғолия парламенті – Ұлы құрылтай сайлауынан кейін толқу туындап, елде төрт күндік төтенше жағдай жарияланған еді.

 

Бүгінгі Елбасының ежелгі Орхон өлкесіне сапарында білім және мәдениет, еңбек және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ экономика және қаржы салаларындағы ынтымақтастық пен өзара қатынастарды кеңейтуге бағытталған екіжақты құжаттарға қол қойылмақ. Сапар кезінде екі ел іскер топтары өкілдерінің қатысуымен кезекті бизнес-форум өткізіледі. Мұның алдындағы екі ел кәсіпкерлерінің форумы Қазақстанда өткізілген болатын.

 

Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы қатынасқа қарқын бітіруге тиіс. Мәселен, соңғы бірнеше жылдар бойы екі ел арасында талқыланып келе жатқан әуе қатынасы, теміржол және автожол қатынасы мәселесі, сондай-ақ Моңғолиядағы қандастарымызды моңғол азаматтағынан шығаруды жеңілдету жайы әлі күнге толық шешіле қойған жоқ. Сонымен қатар кейбір компаниялардың Моңғол-Ресей біріккен кәсіпорындары қарызына қатысты мәселеге де орай екі ел арасындағы қатынас межесі керекті деңгейге көтеріліп болған жоқ.

 

Қазақстан Моңғолия экономикасына қомақты қаржы салуға мүдделі болғанымен, елдегі жағдайдың қалаулы дәрежеде орнықпауы да байланыстарды ширатудағы назар аударарлық факторлар болып табылады. Бұған қоса, шекаралық аймақтар қатынасын арттыруда да кінәраттар жоқ емес. Осы мәселе орайында Қазақстан мен Моңғолия Ресеймен бірлесіп, үшжақты келісімдер жасауға мүдделі. Еліміз Моңғолияға шығатын автомобиль жолын Ресей шекарасына дейін салып қойғанымен, оның ар жағында Моңғолияға өтетін 50 шақырымдай дәлізге жол төсеу жайы әлі толық шешіле қойған жоқ. Мұндайда моңғолдардың дәліздің астынан туннель қазу жайында қалжыңдайтыны тегін болмаса керек...

 

Екі ел арасында тәуелсіздіктен бері қол қойылған құжаттардың саны 40-тан асады. Соның он шақтысы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталып отыр. Алайда іс барысында кедергілер де жоқ емес. Мәселен, қазақ археологтары моңғол жеріндегі көне ескерткіштерді бірлесіп зерттеуге қанша мүдделі болғанымен, сол шара тиісті деңгейде шешімін тауып кете қойған жоқ. Моңғол жеріндегі көне түркі ескерткіштеріне қатысты мәселеде Түркия жеке-дара басымдыққа ие болғысы келетінін көрсетіп жүр. Осы сапарында Елбасының көне түркі ескерткіштерін аралауы да көзделген. Алайда Президент Н.Назарбаев Моңғолиядан аттанып кеткен күннің ертесінде, яғни тамыздың 8-інде Түркия басшысының Моңғолияға сапары басталмақшы...

 

Бірақ соның бәріне де қарамастан, Моңғолия Қазақстан тарапынан көтерілген бастамаларға қолдау көрсетіп келеді. Орталық Азияның ядролық қарудан ада аймақ болуына қолдау көрсеткен Моңғолия – АӨСШК-нің толық мүшесі болып отыр. Сонымен қатар моңғолдар Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері мәмілесіне атсалысып жүр. Оның сыртында Моңғолияның ШЫҰ-ның бақылаушы мүшесі ретіндегі қазіргі қызметі болашақта осы елге қатысты мүмкіндікті арттыратындығында сөз жоқ.

 

Дегенмен екі елдің экономикалық қарым-қабілетін мүлде салыстыруға келмейді. Кезінде КСРО құрамында болған Қазақстан бүгінде экономикалық жағынан Ресей ықпалынан ауылын алысқа салып үлгерсе, КСРО құрамына еніп кете жаздаған Моңғолия әлі күнге Мәскеу ықпалын сезініп келеді. Мұндайда моңғол дүкендеріндегі өнімдердің дені Ресейден, одан кейінгісі Қытайдан жеткізілетінін айтсақ та жеткілікті. Ең ақыры моңғол наны мен майы да «Мәскеу татып» тұрады. Бұл ретте мұнай мәселесін қозғамасақ та болады. Сондай жағдайда Қазақстан моңғол экономикасына 1 млрд долларға дейін инвестиция енгізуге әзірлігін білдірген еді.

 

Оның сыртында тарихы тамырлас Моңғолия қандастарымыздың тұруына бірден-бір қолайлы елдердің қатарынан орын алады. Сондықтан оларды қолдауды арттыру үшін екі ел қатынасына қарқын біткені керек. Осы орайда Елбасының бүгінгі мемлекеттік сапары Алтайдың ар жағын жақындататыны анық.

 

 

АЙҚЫН, 6.08.2008, Қуанышбек ҚАРИ
Бизнес ұсыныстары Баспасөз релиздері Baylanis Ресми құжаттар